Таразда дәмхана күзетшісін құтқармақ болған полицей жараланды
Жарияланған күні:
Тараз қаласында дәмханалардың бірінде күзетшіні құтқару барысында полиция лейтенанты пышақ жарақатын алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
3 қаңтар күні таңғы сағат 05:00 шамасында Тараздағы дәмханалардың бірінде 21 жастағы ер адам мас күйінде күзетшіні пышақпен қорқытқан. Ол күзетшіге күш көрсетіп, пышақ жарақатын салуға оқталған.
Осы кезде дәмханада күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жүрген полиция қызметкері жағдайға араласып, күзетшіні қорғау үшін әрекет еткен.
"Тәртіп сақшысы ауыр қылмыстың алдын алып, күзетшіні қорғау кезінде оң қолынан жарақат алды. Бірақ ол өзінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіпке қарамастан, қоян-қолтық күрес әдістерін қолданып, басқа азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жарақатына қарамастан, күдіктіні жедел-тергеу тобы келгенге дейін ұстап тұрды", - делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2208863-tarazda-damhana-kuzetshisin-qutqarmaq-bolgan-politsei-zharalandy/