Ресейдегі Самара маңындағы жол апаты: қаза тапқан екі адамның денесі Қазақстанға жеткізілді
Жарияланған күні:
Ресейдің "Самара-Большая Черниговка" тасжолында болған жол апатынан қаза тапқан екі қазақстандықтың денесі елге жеткізілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚР төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"2024 жылдың 5 қаңтарына қараған түні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығына Ресей төтенше жағдайлар министрлігінен федералды автожолдың 101-ші шақырымында болған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат келіп түсті.
Апат салдарынан жеті қазақстандық зардап шекті, оның ішінде екі адам қаза тапты", - деді БҚО төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Нұржан Төлеуіш.
Зардап шеккендер Ресейдегі Большая Глушица ауылы мен Новокуйбышевск және Самара қалаларындағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Апат туралы хабар алған соң, Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылар, психологтар және жедел жәрдем қызметкерлері бар арнайы топты Ресейге аттандырды. Оқиға орнына жеткен топ зардап шеккендерге шұғыл психологиялық және медициналық көмек көрсетті.
Қайтар жолда зардап шеккендердің барлығы қазақстандық мамандардың тұрақты бақылауында болды. 7 адам, оның ішінде екі бала, бүгін таңертең Қазақстанға жеткізіліп, Орал қаласындағы көпбейінді қалалық және облыстық ауруханаларға орналастырылды.
Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан екі адам қайтыс болды. Олардың денелері де Қазақстанға жеткізілді.
Құтқару операциясына ТЖМ мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 23 маман және 8 техника қатыстырылды. Автоколоннаны шекарадан бастап Орал қаласына дейін полиция қызметкерлері алып жүрді.
Қазақстанның ТЖМ қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, азаматтарға жол қауіпсіздігін сақтау қажеттілігін ескертті. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жол ережелерін қатаң ұстанып, абай болуға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2209032-reseidegi-samara-mangyndagy-zhol-apaty-qaza-tapqan-eki-adamnyng-denesi-qazaqstanga-zhetkizildi/