Алматыда пышақ жарақатын алған полиция қызметкері көз жұмды
Жарияланған күні:
Алматыда полиция қызметкері пышақ жарақатынан кейін қайтыс болды, күдікті ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, жанжал салдарынан пышақ жарақатын алған Медеу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі қаладағы ауруханалардың бірінде көз жұмды.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар қызметтік тергеу жүргізілуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерінің қызметтен және жұмыс уақытынан тыс болғаны ескертілді.
ҚПК-нің 201 бабының талаптарына сәйкес қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында жол бойында полицейді көлік қағып кеткен еді. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр. Өңір полициясы жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауға, әсіресе тұман және көктайғақ кезінде сақ болуға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2210595-almatyda-politsei-oltirildi/