Алматыда екі ай бойы іздестірілген бойжеткеннің денесі табылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда 26 жастағы Айша Хамиттің өліміне қатысты іс тергеліп жатыр. Екі ай бұрын құрбысына кеттім деген бойжеткен хабар-ошарсыз кеткен. Оның мәйіті жуырда саяжай аумағынан сөмкеден табылды, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
26 жастағы Айша Хамиттің қазазы бүкіл Қырбалтабай ауылы тұрғындарының қабырғасын қайыстырды. Дүйім жұрт таң атысымен марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жиналды.
Айша Хамит былтыр қарашада үйінен туған күн кешіне барамын деп шығып, сол күйі оралмаған. Десе де оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты.
"19 жастағы бала екен. Есімі Нұрмахан. Кредит алдыртқан ол, кредиттің сомасы да үлкен. Екі миллионнан асу керек, біздің білуіміз бойынша. Қайтармаймын дегеннен кейін, Айша айтқан: "ата-анама айтамын, полицияға арызданамын". Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген", - дейді марқұмның әпкесі Әсия Хамит.
Қара жамылғандардың айтуынша, күдікті жігіт марқұмды алдымен пәтерде буындырып өлтірген. Кейін денесін полиэтиленге орап сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті.
Айша Хамит күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Онымен ТикТок желісінде емші іздеп отырып танысыпты. Марқұм қыз сырқат әпкесін "осы кісіге көрсетемін" деп, оның көмекшісімен, яғни күдіктімен танысқан.
"Ауру әпкесін емдеймін деп, ТикТоктан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысып қалады. Кеше біз сүйекті алып шыққан кезде, төрт жігіт әрең көтердік. Ең кемі, қыздың салмағы 60 келі. Ал анау, 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды", - дейді марқұмның нағашысы Табиғат Әлібек.
26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті.
"Бұрын-соңды еш жерге тіркелмеген. Ешқандай жаман жүрісі жоқ. Орамалда, аузында иманды бар, бетінде ұяты бар мықты қыз. Бұл кісілер кішкене мал ұстайды. Малға қарайды. Тіпті сыртқа қонып қалатын әдеті жоқ", - дейді марқұмның жеңгесі Мүлік Фатигүлқызы.
Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.
"Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын енді сот-медициналық сараптасы анықтамақ. Қара жамылған отбасы қылмыс жасаған сыбайластары да табылып, қаскөйлер лайық жазасын алар деген үмітпен отыр.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2218028-almatyda-eki-ai-boiy-izdestirilgen-boizhetkenning-maiiti-saiazhaidagy-somkeden-tabyldy/