Шымкентте әйел 5 жасар баланы аяусыз соққыға жықты
Опубликовано:
Шымкентте қайыр сұрап, күңдікке салынған әйел анықталды. Өзбекстаннан келген Шахноз Абдуалиева бір айдан бері қорлық көріп жүр екен деп хабарлайды 7 арна.
"Қасымда бірге тұратын келіншек балаларымды кепілге алып қалып, базарда алақан жаюға мәжбүр етті", - дейді ол.
Ең сорақысы, осылай тіленіп жүргенде ұлының өміріне үлкен қауіп төнген болып шықты. Өзбекстаннан келген Шахноз Қазақстанда қайыр сұрап, нәпақа таппақ болған. Алайда ол бірге тұратын әйел бір айдан бері Шымкенттегі базарда қайыр сұратып қойғанын айтты.
Дәлірек айтқанда, қолындағы екі баласын кезек-кезек кепілге алып, табыс таптыруға мәжбүр етіпті.
"Алақан жаюдан түсетін 2-3 мың теңгемді түгелдей санап алып, күнделікті базарға тентіретіп жібереді", - дейді жәбірленуші келіншек.
"Мен Наргиза деген келіншекті бір ай бұрын кездестірдім. Ол өзінің жалдап жатқан пәтерінде бірге тұруды ұсынды. Содан мен келісе кеттім. Бірақ осы бір айдан бері менің қайыр сұраудан тапқан барлық ақшамды алып қояды. Екі баламның бірін өзіммен бірге базарға жібереді. Қызымды немесе баламды өзінің қолында кепілге ұстап отырады. Мен амал жоқ, солар үшін сол үйге ораламын", - дейді жәбірленуші Шахноз Абдуалиева.
Сөйтіп жүргенде әлгі келіншек 6 жасар ұлы мен бір жасар қызын тартып алу үшін құжат рәсімдеп алған көрінеді. "Оның бұндай әккі әрекетті қалай жасағаны түсініксіз", - дейді жәбірленуші. "Ол аздай баламды аяусыз соққыға жықты", - деп көз жасы көл болып отыр.
Базардағы саудагерлер аянышты жағдайға тап болған Санжардың кейпін көріп, жедел жәрдем мен полицияны шақыртқан да солар екен.
"Жексенбі күні баласын ертіп келді. Асханаға алып кірді. Баланы отырғызып тамақ берді. Бала сөлей алмады. Қарасақ, қолы кесілген. Еті көрініп кеткен. Аяқ-қолы барлығы ісіп тұр. "Кім ұрды мамаң ұрды ма" десек, "жоқ пәтердегі әпше ұрды" деп жауап қатты", - дейді базар сатушысы Сановар Тәжиева.
Қазір Шахноздың ұлы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр екен. Дәрігерлердің айтуынша, әбден зәбір көрген бүлдіршіннің денсаулығын қалыпқа келтіруге психолог мамандар да күш салуда.
"Түскендегі диагнозы жабық ми жарақаты, ми шайқалуы, гематома мен соққы белгілері бар. Келген кездегі баланың жағдайы өте ауыр болды. Салқындап қалған. Баланың түрінен тамақ ішуі аз болғаны көрініп тұр", - деді ОҚ облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
Бұл аздай күңдікке салынған келіншек өзінің және ұл-қызының құжаттарын жоғалтып алған екен. Енді бұл шым-шытырық оқиғаның ашылуына қоғамдық ұйым өкілдері де кіріспекші. Ал жәбірленушіге екі бүлдіршіннің өз балалары екенін заң алдында дәлелдеуіне тура келеді. Күңдікке салынған келіншектің жағдайынан полицейлер де хабардар. Оларға сорақылықты көзімен көрген сатушылар хабарласып, мән-жайды айтқан екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/353095-shymkentte-ejel-5-zhasar-balany-ayausyz-sokkyga-zhykty/