Ақтөбе облысында 1 жасар сәби шелектегі суға шашалып, шетінеп кетті
Опубликовано:
Ақтөбе облысына қарасты Егіндібұлақ ауылында бір жастағы сәби шелектегі суға шашалып, шетінеп кетті.
Бұл туралы Қобда ауданындағы Егіндібұлақ дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Зоя Алдарбаева айтты деп хабарлайды Керек-инфо.
Оқиға 25 қазан күні болған. Жексенбі күні ауыл медбикесіне 1 жастағы сәбидің ауырып жатқаны туралы хабар түседі. Ол дереу баланың үйіне барып, алғашқы көмек көрсеткен. Медбикеге баланың ата-анасы беті ашық тұрған шелектен су ішемін деп тұншығып қалғанын айтады.
"Бала әлсіз жатыр екен. Өкпесіне су кетіп қалған. Тамыр соғысы өте баяу болды",- дейді Зоя Алдарбаева.
Жексенбі күні отбасы мүшелерінің барлығы үйде болған. Үй иесінің әйелі далаға кір жаюға шығып кетеді. Осы кезде сәби беті ашық тұрған шелекке басын тығып, су ішпек болған. Сол кезде тұншығып қалады. Шетінеп кеткен сәби үйінің кенжесі.
28 қыркүйек күні 1 жасқа толған. Тәй-тәй басып жүре бастаған. Алдында үш бауыры бар.
Зоя Алдарбаева шетінеп кеткен нәрестенің әкесі жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі екенін айтты. Бала әлсірей бастаған соң әкесі оны Қобда аудандық ауруханасына жеткізеді.Алайда, өкпесіне көп су кетіп қалған сәбиді дәрігерлер ажалдан құтқара алмады.
Бұл оқиғаны Исламғали Құрманов атындағы ауылдық округінің бас маманы Арман Қабылов та растап отыр. Оның айтуынша, жайсыз жағдай кешқұрым, мал келетін қарбалас уақытта болған.
Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі де бұл оқиғадан хабардар. Жергілікті полицияның мәліметінше, Егіндібұлақтағы бұл жағдай жазатайым болған.
Егіндібұлақ - Қобда ауданының территориясындағы 80-ге тарта отбасы тұратын шағын ауыл.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/939428-aqtobe-oblysynda-1-zhasar-sabi-shelekteg/