Абай облысындағы өртте қаза тапқан Мейрамгүл Жиенбаеваның туыстары оның жүктілігі туралы қауесетті жоққа шығарды
Жарияланған күні:

Абай облысындағы алапат орман өртінен қайтыс болған Мейрамгүл Жиенбаеваның туыстары тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Бұл туралы ArnaPress порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, Абай облысындағы орман өртінен көз жұмған Мейрамгүл Жиенбаеваның жүктілігі туралы ақпаратты туыстары жоққа шығарды.
Мейрамгүл Жиенбаева "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалы Успен орманшылығын басқарған. Өрт кезінде ол әріптестерімен бірге өртті сөндіруге шығып, орман шаруашылығының 13 қызметкерімен бірге қызметтік борышын өтеу кезінде мерт болған.
Порталдың мәліметінше, кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та марқұмның жүкті екені туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы Мейрамгүлдің белгілі досы Шолпан Кенжебаева хабарлаған.
Алайда Мейрамгүлдің әпкесі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, Мейрамгүл үнемі өзі туралы әпкесімен бөлісетін және мұндай жаңалықты айтпай кетуі мүмкін емес.
"Біреуі алты айлық жүктілікте болған дейді, тағы біреулері төрт айлықта болған дейді. Бұл қауесет жоқ жерден алынған. Егер ол шынымен жүкті болса, біз айтатын едік. Тіпті күйеуі де жоққа шығаруда", – дейді марқұмның әпкесі Гүлбақыт.
Басылымның жазуынша, Мейрамгүлдің Шолпан есімді құрбысы болмаған және оның кім екенін де білмейді. Гүлбақыттың сөзінше, мұндай есімді адам тіпті әріптестерінің арасында болған жоқ.
Марқұмның артында екі баласы қалды – 15 жастағы ұлы мен төрт жасар қызы. Туыстары Мейрамгүлдің күйеуі де өрттен қаза тауып, балалары "жетім қалды" деген әңгімелер көп тарағанын айтады. Бірақ бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды.
"Біреулер күйеуінің жансақтау бөлімінде жатқаны, тағы біреулер әйелімен бірге қайтыс болғаны туралы жазады. Бірақ бәріміз қазір бір пәтердеміз: анамыз бен Мейрамгүлдің күйеуі, екі баласы, бәрі осында", – деді әпкесі.
Мейрамгүлдің туыстары жалған деректер мен болжамдар мұндай қиын жағдайда қайғылы оқиғаны одан әрі ушықтыратынын айтты. Олар Мейрамгүлге қатысты тексерілмеген ақпарат таратпауды сұрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2024895-abai-oblysyndagy-ortte-qaza-tapqan-meiramgul-zienbaevanyn-tuystary-onyn-zuktiligi-turaly-qauesetti-zoqqa-sygardy/