Көлік жуушы автокөлікті айдап кетіп, аударылған: шымкенттік әйел күтпеген жағдайға тап болды
Жарияланған күні:

Шымкент облысындағы Жетісай ауданында темір тұлпарын автокөлік жуу бекетіне қалдырып кеткен шымкенттік әйел көлігін таппай қалған. Полиция әйелдің көлік айдап кеткен азамат жол-көлік апатына ұшырағанын мәлімдеген. Бұл туралы Elitar.kz порталы хабарлады.
Порталдың жазуынша, жүргізушінің Toyota camrу маркалы көлігін белгісіз біреу айдап кеткен.
Жүргізуші әйел дереу полицияға арызданған.
Полиция аталған факті Қылмыстық кодекстің 200 бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алынғанын атап өткен.
Полицияның берген мәліметіне сілтеме жасаған порталдың мәліметінше, оқиға орнына жылдам жеткен жедел-тергеу тобы іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлікті айдап кеткен адамды анықтаған. Ол жергілікті тұрғын, автокөлік жуушы жігіт болып шыққан.
Полиция хабарлауынша, көлік жуушы жігіт өзіне сеніп тапсырылған автокөлікті рұқсатсыз айдап кеткен.
"Содан рөлге ие бола алмай өзге көлікке соқтығысып, жол жиегіне түсіп аударылған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 6 миллион теңгені құрады", - деп жазады басылым.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2026231-kolik-zuusy-avtokolikti-aidap-ketip-audarylgan-symkenttik-aiel-kutpegen-zagdaiga-tap-boldy/