Оқыс оқиға

Зектілері

"Екі сағаттай есін жинай алмаған": Астана мектебінде оқушы құрдасына қарсы электрошокер пайдаланған

Жарияланған күні:

Жасөспірім
Жасөспірім. Көрнекі фото: pixabay.com

Астанадағы ақылы мектептің 8-сынып оқушысы құрдасына электрошокер қолданып сес көрсеткен. Тоқ ұрған қатарласы бірден мектеп дәлізінде талып қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Білім ордасының медпунктіне  жеткізілген оқушыға мектеп дәрігерлері өздігінше алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысыпты.

Оқиғаға куә болған ата-аналардың айтуынша, бала шамамен екі сағаттай есін жинай алмаған. Тек содан кейін ғана, жағдайдың ушыққанына көз жеткізген соң, мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырды, дейді олар.

Тоқ ұрған бала қазір  №2 көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер баланы тілге келтіріп, қажетті ем-дом жасағанын мәлімдеді. Бұзақылыққа барған баланың ата-анасына хаттама толтырылып, тергеу басталды. Мектепке жылына миллионның үстінде ақша төлейтін ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Кез келген оқушының сыныпқа суық қарудан бастап, осындай электрошокер алып келуі мүмкін енін айтып, директордан білім ошағына сканер қоюды талап етіп отыр.

"Екі балам осы мектепке барады. Ай сайын удай ақша төлейміз. Бүгінгі жағдайдан кейін балаларымызды мектепке жіберуге қорқып қалдық. Ойлаңызшы, кез келген оқушы осылай элекрошокер алып келетін болса, оны қолданса, не болады? Мектеп әкімшілігі неге сөмкелерін тексермейді. Барлығын тексеруге мүмкіндік жоқ десе, сканер қойсын", - дейді ата-аналардың бірі Әлия Дашкеева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2222849-eki-sagattai-esin-zhinai-almagan-astana-mektebinde-oqushy-qurdasyna-qarsy-elektroshoker-paidalangan/