Оқыс оқиға

Зектілері

Алматы тауларында қар көшкінінен бір адам көз жұмды: "Шымбұлақ" әкімшілігі пікір білдірді

Жарияланған күні:

Шаңғышы
Көрнекі фото: piqsels.com

"Шымбұлақ" әкімшілігі Алматы тауларындағы қар көшкіні салдарынан көз жұмған шаңғышының қазасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды курорттың баспасөз қызметі ресми Telegram-арнасында.

Бүгін, 17 наурызда Талғар асуының артында, Богданович мұздығының маңында, курорт аумағынан шақырым жерде қар көшкіні болды. Қар көшкіні салдарынан шаңғышы көз жұмды.

"Шымбұлақ" курортының оқиғалар хронологиясын жариялап, барлық қонақты таудағы жүріс-тұрыс ережелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Оқиғалар хронологиясы:

14:43-те курорттың Жедел басқару орталығының пультіне қар көшкіні туралы және жапа шеккендер болуы мүмкін екендігі жайлы хабарлама келіп түсті.

14:53-те курорттың жедел қызметі оқиға орнына бақылау-құтқару пунктінің (БҚП) құтқарушыларын шақырды.

15:02-де курорттың құтқару қызметі мен БҚП құтқарушылары бірге жедел оқиға орнына келіп, қар көшкіні болған аумақты қарап шықты, іздеу шараларының нәтижесінде қаза тапқан 1 адам табылды, екі турист өз бетінше шыға алған.

15:34-те курорттың құтқару қызметі мен БҚП құтқарушылары бірге қаза тапқан адамды Комби-2-ге түсіріп, әрі қарай оның денесін "Шымбұлақ" базалық станциядағы "Жедел жәрдем" қызметкерлеріне тапсыру операциясын бастады.

"Шымбұлақ" тау курортының әкімшілігі қаза болған жанның туысқандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады және барлық қонақты таудағы жүріс-тұрыс ережелеріне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Әсіресе көктемде ауа райын мұқият қарап жүріңіз және Алматы тауларындағы көшкін жағдайы туралы қалалық құтқару қызметінің ескертулерін де ескеріңіз, жақындарыңызға өзіңіз бара жатқан бағыт туралы айтып кетіңіз және фрирайдқа бара жатсаңыз, арнайы көшкін жабдығын алуды ұмытпаңыз", - деп жазады курорт әкімшілігі.

Еске салсақ, 10 наурызда "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының аумағында қар көшкіні жүрді. Қар көшкініне шаңғышылардың рұқсат етілмеген аумақта шаңғы тебуі себеп болғанын жаздық. "Шымбұлақ" әкімшілігі қар көшкініне үш шаңғышының әрекеті себеп болғанын ресми мәлімдеген. Үш шаңғышыға іздеу салынып, артынша олар табылғаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2228804-almaty-taularynda-qar-koshkininen-bir-adam-koz-zhumdy-shymbulaq-akimshiligi-pikir-bildirdi/