"280 млн теңге пара алды деп күдіктелуде": Антикор Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізуде
Жарияланған күні:

Жетісу облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талдықорған қалалық білім бөлімінің қызметкерлері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын.
Агенттік енді бұл іске қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті.
Антикоррупциялық қызметтің хабарлауынша, Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы аталған бөлімде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
"Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған. Өз кезегінде пара берген адамдар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыруға қатысты іс бойынша негізгі фигуранттар болып табылады және соттың санкциясымен олар қамауда.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті шешімді сот шығаратын болады", - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасында.
Агенттік Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Сондай-ақ агенттік Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп саналатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2018443-280-mln-tenge-para-aldy-dep-kudiktelude-antikor-taldyqorgan-qalalyq-bilim-boliminin-bassysyna-qatysty-tergeu-zurgizude/