ШҚО-да полицей ер адамның бетіне баллоннан бүркіп жіберген (видео)
Жарияланған күні:

Желіде Шығыс Қазақстан облысында полицейдің заңға бағынбады деген ер адамның бетіне баллоннан бүркіп жібергені туралы видео пайда болды. Даулы оқиғаның толық жазбасы бейнежетонға түсіп қалған, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Порталдың хабарлауынша, 4 маусым күні сағат 19:28 шамасында Риддер қаласында патрульдік полиция взводының қызметкерлері Mazda 626 автокөлігін тоқтатқан. Оның жүргізушісі жол таңбасының үздіксіз жолағын кесіп өтіп, басып озу маневрін жасау арқылы жол жүру ережесін бұзған.
Аталған көлік құралын тоқтатқан кезде салоннан масаң күйде болған жолаушы шыққан. Ер адам агрессия көрсетіп, әдепсіз сөз сөйлеп, қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қарсы келіп, мойынсұнбаған.
"Тәртіп сақшыларының заңды талаптарды сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбай және автокөлігіне отыруды сұраған ескертулерін елемеді. Содан кейін азаматтың одан әрі заңсыз әрекеттерін тоқтату үшін полиция қызметкерлері арнайы құрал қолданды", – дейді ІІМ қызметкерлері.
Аталған факті бойынша жолаушыға қатысты құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіліне немесе оның талабына бағынбағаны үшін ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, автокөлік жүргізушісі ӘҚБтК-нің 601-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Риддер қаласының прокуратурасына ұсынылған портативті бейне тіркегіштегі материалдар зерделеніп, оның нәтижесі бойынша полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер анықталмаған.
Қазіргі уақытта заңды тұлғаның талабына бағынбаған азаматқа қатысты ҚК-нің 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2024782-sqo-da-policei-ballonnan-er-adamnyn-betine-burkip-ziberdi-tirkeusidegi-video-paida-boldy/