Оқыс оқиға

Зектілері

Оралда мұғалімдерге қосымша 42 млн теңге төленген: сот ақшаны қайтармауға рұқсат етті

Жарияланған күні:

Мектеп партасы
Мектеп партасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Оралдағы мектептердің бірі 75 мұғалімге артық төленген 42 миллион теңгені өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдаған. Сот педагогтерге ақшаны мекеме әкімшілігіне қайтармауға рұқсат етті, деп хабарлайды Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Сот мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Серебряков орта мектебінің әкімшілігі мемлекеттік аудит қорытындысы негізінде 75 педагогтен бюджеттен артық төленген 42 млн теңге көлеміндегі жалақыны өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдаған.

Тергеу органы мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғап, Орал қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, жаза тағайындалған.

"Қылмыстық іс аясында мектепке жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 2021-2022 жылдары 75 педагогке жалақы бойынша 42 млн теңге көлемінде артық төлемдер негізсіз аударылғаны, сөйтіп, қаржылық құқықбұзушылық анықталып, дебиторлық қарыз есептелген.

Алайда сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардің қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талабын қанағаттандырмаған.

Сот жұмысқа немқұрайлы қарау немесе бухгалтерлік қателік болмаған жағдайда еңбек және азаматтық заңнамада көрсетілгендей, артық төленген соманы қайтаруға негіз жоқ екенін атап көрсетті.

Апелляция мектеп өкілінің шағымын қанағаттандырмай, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2175831-oralda-mugalimderge-qosymsha-42-mln-tengge-tolengen-sot-aqshany-qaitarmauga-ruqsat-etti/