Есірткі тасығанын білмеген Ақтөбе тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:

Ақтөбеде 40 жастағы азамат шекарадан морфиннің бес ампуласын заңсыз өткізбек болғаны үшін ұсталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Диапазон" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға "Әлімбет" бақылау-өткізу бекетінде болған. Шекара қызметкері көлікті тексеру кезінде жүксалғыштағы рюкзактан күдікті заттарды анықтады. Рюкзак қалтасынан "морфин" деп жазылған бес ампула табылған. Бұл зат Қазақстанда есірткі санатына жатқызылып, қатаң бақылауға алынған.
Ер адамға қатысты есірткіні сақтау және шекарадан заңсыз өткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Сотта айыпталушы өзінің кінәсіз екенін айтып, ампулалардың есірткі заты екенін білмегенін жеткізді.
"Мен Орынбор облысындағы Гай қаласындағы досыма қонаққа бардым, оның әйелі туыстары қайтыс болғаннан кейін ауырсынуды басатын дәрі қалғанын айтты, мен оны рюкзакқа салып беруін өтіндім. Оның есірткі екенін білген жоқпын. Бас бостандығымнан айырмауларыңызды сұраймын", - деді айыпталушы сотта.
Қазақстанда морфин – медициналық мақсатта қолданылатын есірткі заты. Есірткі контрабандасы ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Айыпталушыға қатаң жаза тағайындалды – ол 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2192558-esirtki-tasyganyn-bilmegen-aqtobe-turgyny-7-zhylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/