Флорида университетіндегі атыс: "Болашақ" мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

Флорида штатындағы университет кампусында атыс болып, салдарынан екі адам қаза болды. Осы оқиғаға байланысты "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"2025 жылғы 17 сәуірде Флорида штаты университетінің кампусында атыс болып, қайғылы жағдай болды. Соңғы мәліметтер бойынша, аталған оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы алты адам жарақат алды.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ болған жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр және осы университетте білім алып жатқан қазақстандық стипендиаттармен тұрақты байланыс орнатқан.
Қазіргі таңда Флорида штаты университетінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында 4 стипендиат білім алуда: оның 3-і магистратура, 1-і докторантура бағдарламасы бойынша. Барлық стипендиат аман-есен, жергілікті билік органдарының нұсқауларын бұлжытпай орындап отыр. Біз студенттерімізге дер кезінде ақпарат беріп, қауіпсіздік шараларын сақтағандары үшін алғыс айтамыз", - делінген ресми хабарламада.
Осы оқиғаға байланысты университет басшылығы барлық оқу үдерісін және іс-шараларды уақытша тоқтатқан.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ АҚШ аумағында жүрген барлық стипендиатқа сақтық шараларын қатаң сақтауды, сергек болуды және күмән тудыратын жағдайлар болса, дереу орталықпен байланысқа шығуды сұрайды.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақындарына көңіл айта отырып, жағдайдың тез арада тұрақтануына үміт білдіреді", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2237109-florida-universitetindegi-atys-bolashaq-malimdeme-zhasady/