Әйелін түскі ас дайындамағаны үшін ұрып-соққан Шиелі тұрғыны сот алдына келді
Жарияланған күні:

Қызылорда облысында заңды некедегі әйелін түскі ас дайындамағаны үшін еден жууға арналған швабрамен ұрған ер адамның әрекеті сотта қаралды. Басты сот талқылауында сотталушы Е.кінәсін толық мойындаған, ал жәбірленуші кешірім берген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қызылорда облысы соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шиелі аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігінде (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 2025 жылы 23 ақпанда 16 сағат 40 минут шамасында Шиелі кентіндегі үйінде заңды некедегі жұбайын түскі асты дайындамағаны үшін ашуға булығып, еден жууға арналған ағаш швабрамен ұрған. Жәбірленушінің оң және сол қолдарына жасалған бірнеше мәрте қатты соққыдан әйелдің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген.
Сараптама қорытындысына сай жәбірленушінің денсаулығына жеңіл дәрежелі зиян келгені анықталған.
"Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін толық мойындайтынын, жәбірленуші кешірім бергенін, онымен татуласқанын, істеген әрекетіне шын жүректен өкінетінін ескеріп, қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға кешірім бергенін, қояр талап-тілегі жоқ екенін, онымен татуласқанын айтып, қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады.
Сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 10-бабы 3-бөлігіне сай қылмыстық теріс қылыққа жатады.
Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Шиелі аудандық сотының қаулысымен сотталушы Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылған", - делінген сот хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2241324-aielin-tuski-as-daiyndamagany-uryp-soqqan-shieli-turgyny-sot-aldyna-keldi/