"15 млн теңгеге мәміле жасамақ болған": Ақтөбе тұрғыны ағзасын сатпақ болды деген күдікпен ұсталды
Опубликовано:

Ақтөбеде адам органын 15 млн теңгеге сату фактісінің алды алынып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы прокуратурасы қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің ішкі органдарын сату бойынша ықтимал заңсыз мәміле жасау туралы ақпаратқа қол жеткізді.
"Алынған мәліметтер негізінде облыс прокуратурасының қаулысына сәйкес облыстық полиция департаменті өкілдері жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.
2025 жылдың 30 сәуірінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалпы сомасы 15 млн теңгеге адамның ішкі органдарын сату бойынша заңсыз мәміле жасамақ болған күдікті ұсталды", - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 116-бабының 1-бөлігімен (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2245383-15-mln-tenggege-mamile-zhasamaq-bolgan-aqtobe-turgyny-agzasyn-satpaq-boldy-degen-kudikpen-ustaldy/