Көкшетауда әйелін пышақтап, қашып кетті деген күдікпен ер адам ұсталды
Опубликовано:

Көкшетауда ер адам әйелін жұмыс орнында пышақтап, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Күдіктіні оқиға куәгерлері мен полицейлер жабылып жүріп ұстаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Әлеуметтік желіге тараған видеодан келіншектің қала орталығындағы микроқаржы ұйымының қызметкері екенін аңғаруға болады. Жедел жәрдем жәбірленушіні көлікке орындықта отырған қалпымен алып шыққан. Пышақ жарақатын алған жәбірленушінің жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Оған ота жасалып жатыр. Ал қылмысқа тұрмыстағы жанжал себеп болды дейді полицейлер.
"Әйел адамға дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрмыстық жанжалда жәбірленушінің жұбайы оған пышақ жарақатын салып, жасырынғаны алдын ала анықталды. Күдікті жедел ұсталып, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізілді. Тергеу жалғасып жатыр", - дейді Ақмола облысы ПД аға инспекторы Алмагүл Тұрсымбаева.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2246637-kokshetauda-aielin-pyshaqtap-qashyp-ketti-degen-kudikpen-er-adam-ustaldy/