Қазақстанда алғаш рет Мысыр азаматтары заңсыз еңбек еткені үшін ұсталды
Опубликовано:

ІІМ көші-қон қызметі комитеті аумақтық полиция бөліністерімен бірлесіп, республика бойынша ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомстволық polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, елімізде бес күн ішінде 7 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің жолы кесілді.
- 2,5 мыңнан астам шетелдік Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімдерін бұзған.
- 862 шетелдік тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген.
- 499 қазақстандық жұмыс беруші заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан.
- 3 мыңнан астам қабылдаушы тұлға ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың өздерінде тұратыны туралы хабарламаған.
Барлық құқық бұзушы жауапқа тартылды. Сонымен қатар 678 шетелдік азамат елден шығарылды, енді оларға Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынады.
Алғаш рет Мысыр азаматтарының заңсыз еңбек қызметі фактісі тіркелді. Қарағандыда ірі құрылыс алаңында рұқсатсыз жұмыс істеген осы елдің 14 азаматы табылды.
Алматы облысының Жамбыл ауданында көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 12 Қытай азаматын анықтады. Олардың да тиісті рұқсат құжаттары болмаған.
Заңды ұдайы бұзатын жұмыс берушілер де назардан тыс қалмады. Қарағанды облысында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа бірнеше рет тартудың үш жағдайы анықталды. Осы эпизодтар бойынша Қылмыстық кодекстің 395-бабымен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алматы облысында полиция қызметкерлері ХҚКО-ның үш қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Олар жеке басының пайдасы үшін заңды бұза отырып, еңбек мигранттарын заңдастыру үшін жалған құжаттар жасаған. ҚК 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Осы орайда ХҚКО баспасөз қызметі бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Бүгін бірқатар БАҚ-та Алматы облысы полициясы үш ХҚКО қызметкері ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасын әшкерелегені туралы ақпарат жарияланды. Осыған байланысты келесіні хабарлаймыз.
Шетел азаматтарына тұруға рұқсат беру рәсімдеріне қатысты күмәнді жағдайларды "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының Ішкі қауіпсіздік қызметі ішкі мониторинг барысында анықтады. Қызметтік тексеру кезінде бекітілген рәсімдеу процесінің өрескел бұзылғаны анықталды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарау кезінде көші-қон қызметі секторының мамандары қызметалушылар мен шетел азаматтарының жеке қатысуынсыз үшінші тұлғалардан құжаттар қабылдағаны тіркелді.
Мемлекеттік корпорацияның бастамасымен тексеру материалдары толықтай Алматы облысының Полиция департаментіне шешім қабылдау үшін жолданды.
Айта кету керек, мұндай мониторингтер еліміз бойынша Мемлекеттік корпорацияның ішкі қауіпсіздік қызметімен тұрақты түрде жүргізіледі. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар үнемі құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Мемлекеттік корпорация ретінде біз сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерге мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанамыз. Біз мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтық пен сенімділіктің жоғары стандартын сақтауға әрдайым ұмтыламыз", - деп жазылған құзырлы мекеменің баспасөз хабарламасында.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2250498-qazaqstanda-algash-ret-mysyr-azamattary-zangsyz-engbek-etkeni-ushin-ustaldy/