Қостанай облысындағы үш педагогтың қазасы: көлік жүргізушісіне үкім шықты
Опубликовано:

Қостанай облысында үш педагог қаза болған жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Қостанай облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Түркістан облысының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда үш адамның өліміне және адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғуы) бойынша айып тағылған.
Сотта анықталғаны 2024 жылдың 16 желтоқсанында "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" автожолында сотталушы Р. VOLVO FH12 маркалы автокөлігімен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Қостанай қаласы бағытында келе жатқан жүргізуші С. басқарған Toyota Alphard маркалы автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Alphard автокөлігінің үш жолаушысы оқиға орнында алған дене жарақаттарынан көз жұмған. Ал жүргізуші С. және екі жолаушы (оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған) түрлі дене жарақаттарын алған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді, сондай-ақ 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұраған.
Жәбірленуші тарап ең қатаң жазаны тағайындауды сұраған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің, куәгерлер мен сарапшының айғақтарымен, сондай-ақ сот сараптамаларының қорытындыларымен және тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен дәлелденген.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын ниетпен өкінуін және оның тәрбиесінде үш жас баласының болуын ескерген.
Іс бойынша қылмыстық жауапкершілікті және жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сотталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, сондай-ақ ол 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсанда Қостанай облысында ірі жол апаты болып, үш адам қаза тапқанын хабарлаған едік. Кейін жол апатынан педагогтардың қаза болған белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2259747-qostanai-oblysyndagy-ush-pedagogtyng-qazasy-kolik-zhurgizushisine-ukim-shyqty/