Семейде балық аулауға барған 12 жастағы жасөспірім соққыға жығылды
Опубликовано:
Семейде жалғыз өзі балық аулауға барған 12 жастағы жасөспірімді кәмелетке толмаған балалар соққыға жыққан. Соққыға жығылған жасөспірім ауруханаға жатқызылды, оған шабуыл жасағандар анықталды.
"Объектив" басылымының хабарлауынша, оқиға туралы 12 жасар баланың әпкесі хабарлаған. Айтуынша, бұл жайт Ертіс өзені маңында, Семейде болған.
"Ол балық аулауға кеткен, ешкімге тиіспеген. Өзенге барып, жиі балық аулайды. Кейде жалғыз, кейде достарымен. Бұл жолы өзі барған", - дейді Эмилия.
Оның сөзінше, ол балық аулап отырған кезде жанына 14-15 жастағы жасөспірімдер келіп, мұнда неге отырғанын сұрап, тас лақтыра бастаған. Бала балық аулап отырғанын айтқан.
"Олар оны суға итере бастаған. Ол сытылып шығып, қаша жөнелген. Олар қуып жетіпті, қармағымен қорғана бастағанда, олар қармақты сындырып, қолымен, аяғымен ұрып, бетінен шапалақпен ұра бастапты. Көптеген соққы жасаған. Баланың тоқпан жілігі сынып кеткен, жамбас сүйегінің төменгі тұсы жарақаттанған, психологиялық жарақат туралы айтпай-ақ қояйық", - дейді Эмилия.
NUR.KZ Абай облыстық полиция департаментіне жүгініп, түсініктеме сұрады. Ведомство оқиғаға қатысы барлар анықталғанын хабарлады.
"Оқиғаның барлық қатысушысы жедел түрде анықталып, оқиғаның барлық мән-жайын айқындау үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Семей қаласы полиция басқармасының орталық полиция бөлімі 12 жастағы жасөспірімнің денсаулығына орташа деңгейде қасақана зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Зардап шеккен бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Үш кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты материалдарды жинау жүзеге асырылып жатыр. Бұл олардың ісін Семей қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияның қарауына, ары қарай жеке - тәрбие жұмыстарын өткізу үшін кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімшеге профилактикалық тіркеуге алу үшін қажет", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2262999-semeide-balyq-aulauga-bargan-12-zhastagy-zhasospirim-soqqyga-zhygyldy/