Алматыда кәсіпкердің өлімі: күдіктілердің бірі Әзербайжаннан экстрадицияланды
Опубликовано:
Аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің көмегімен аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру және қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Әзербайжан Республикасынан экстрадициялаған.
"Өткен жылдың қазанында күдікті басқа адаммен топ болып, таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шығарып, соның барысында оны есінен танғанға дейін ұрып-соғып, жалпы құны 40 млн теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматы қаласының сыртына алып шығып, өлтірген.
Күдіктілердің бірі ізін суытпай ұсталып, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған.
Тағылған айыптар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2268102-kasipkerdi-olimi-kudiktilerding-biri-azerbaizhannan-ekstraditsiialandy/