Жанармай, есірткі, қару: Қазақстаннан шетелге құны 566 млн теңге болатын тауар мен жүк заңсыз өткізілмек болған
Опубликовано:
ҰҚК Шекара қызметі 2025 жылғы тамызда Мемлекеттік шекараны қорғау барысында 4 610 заңбұзушыны анықтады. Олардың ішінде 39 шетел азаматы шекараны заңсыз кесіп өтсе, тағы 25-і шекараны бұзу әрекеті кезінде ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҰҚК Шекара қызметінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде шекара арқылы тауар мен жүктің заңсыз өткізілуіне қатысты 1 352 фактінің алды алынды. Оның ішінде:
- жалпы салмағы 5 кг астам есірткі заттары;
- қарулар мен оқ-дәрілердің 47 фактісі (1 атыс, 1 жарақаттайтын, 1 газбен ататын, 1 пневматикалық, 151 суық қару, 191 оқ-дәрілер);
- діни әдебиеттің 18 фактісі (678 дана);
- жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын жанар-жағармайдың 499 фактісі (18 500 литрден астам);
- жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарларының 598 фактісі;
- жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам валютаның 157 фактісі тіркелді.
Ал Каспий су айлағында 55 браконьерлік фактісінің жолы кесілді, сондай-ақ 9 жүзу құралы, 21 км-дан артық ау мен браконьерлік аулау құралдары, 240 дана (1 440 кг) бекіре тұқымдас балық, 28 дана (19 кг) сирек кездесетін балық түрі алып қойылды.
Шекара қызметі алдын алған залал сомасы 566 млн теңгеден асты.
"Осы фактілер бойынша материалдар заң бұзушыларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды. Мемлекеттік шекарада қандай да бір шектеу шаралары енгізілген жоқ, барлық өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан - Қырғызстан мемлекеттік шекарасының учаскесіндегі "Кеген" автомобильдік өткізу пункті тәулік бойғы жұмыс режиміне ауысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз