jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Астанада мектеп директоры мен есепші бас бостандығынан айырылды

    қолы кісендеулі әйел
    Қолы кісендеулі әйел. Көрнекі фото: Sina Schuldt/picture alliance via Getty Images

    Астанада аса ірі мөлшердегі қаражатты ұрлады деген айыппен мектеп директоры мен бас есепшіге қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана соттарына сілтеме жасап.

    Астана соттарының баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Директор мен есепшіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы, 218-бабы 1-бөлігімен айып тағылды.

    Сотта анықталғандай, мектеп директоры бас бухгалтермен қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мекемеде іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Нәтижесінде шамамен 29 млн теңге көлемінде қаражатты иемденген.

    Бұдан бөлек мектеп директоры 2015–2024 жылдар аралығында заңсыз және жеке-дара шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрық шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес, мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.

    Осылайша директор қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, өзге тұлғаларға пайда мен артықшылықтар беру мақсатында әрекет етіп, мектептің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген.

    Сонымен қатар 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін директор мен бас есепші мектеп жанынан мектепке дейінгі білім беретін сыныптар ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратын қолданбай қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмей, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген.

    Нәтижесінде 305 млн теңге көлемінде қаражатты иемденіп, жұмсаған.

    Соттың мәліметінше, директор 2021–2024 жылдары жазғы лагерь қызметтері үшін алынған 25 млн теңге қаражатты да иемденген.

    Сондай-ақ 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін директор шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеріп, делдалдар арқылы мектеп қаражатын – жалпы сомасы 75 млн теңгеге иемденгені анықталды.

    Есепші 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 млн теңге көлемінде сыйақы алған.

    Прокурор мектеп директоры мен есепшіге 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, мүлкін тәркілеуді және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұрады.

    Сотталушылар кінәсын мойындамады. Қорғау тарабы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады.

    "Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші өкілдерінің, куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - дейді соттың баспасөз қызметі.

    Сотталушыларға жаза тағайындау кезінде сот директордың зейнеткерлік жаста болуы (65 жас) мен есепшінің үш кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

    ️2015–2024 жылдар аралығында жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының мән-жайларын, аса ірі мөлшердегі өтелмеген залалды, қылмыстың ұзақ уақыт бойы жасалғанын ескере отырып, сот директорға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, екі қабатты тұрғын үйін, автотұрақ орнын және зергерлік бұйымдарын тәркілеумен тағайындады.

    Бухгалтерге 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және автокөлігін, автотұрақ орнын, зергерлік бұйымдарын тәркілеу жазасы тағайындалды. Үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалды.

    Одан бөлек 588 млн теңге көлемінде азаматтық талап қанағаттандырылды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Астанада мектеп директоры мен есепші бас бостандығынан айырылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.