Калифорнияда тағы өрт: түрмедегілер, мектеп оқушылары және 31 мың адам эвакуацияланды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Калифорнияның Лос-Анджелес қаласы маңында, тау етегінде тағы өрт шықты. 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды CNN телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Телеарнаның хабарлауынша, өрт қаңтардың 22-і, сәрсенбіде, шамамен таңғы сағат 11-де Кастаик көлінің маңында басталған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-дегі жағдай бойынша жалын шамамен 9000 акр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер өртті оқшаулай алмады.
Лос-Анджелес округінің өрт сөндіру бөлімінің басшысы Энтони Марроне өрттен келген шығын туралы әзірге ақпарат жоқ екенін айтты, алайда билік Кастаик аймағында тұратын 31 мың адамды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
"Бізде қызыл жалынмен 4000-нан астам өрт сөндіруші күресіп жатыр. Жағдай ушығып тұр, бар күшімізді салғанымызбен, өртті ауыздықтай алмай отырмыз", - деді Марроне.
Марроненің сөзінше, Ұлттық ауа райы қызметі дауылды ескерту жұма күнгі таңға дейін күшінде екенін ескерткен.
Ұлттық орман өрт сөндіру бөлімінің бастығы Роберт Гарсианың айтуынша, өртеніп жатқан аймақ құрғақ, шөбі шүйгін жоталар болып келеді және бұл жерде жағдай өте қиын.
Өртке байланысты Кастаик аймағындағы түрмеде отырған сотталғандарды ішінара эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Округтің шериф департаменті 470-ке жуық сотталған адам кампустағы үш нысанның бірінен эвакуацияланып, орталықтың басқа бөлігіне көшірілгенін хабарлады. Жалпы түрмеде 4,5 мыңнан астам сотталған азамат бар.
Жақын маңдағы мектептер мен колледждердің оқушылары да эвакуацияланды. Сабақ уақытша тоқтатылды.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2214354-kaliforniiada-tagy-ort-shyqty-turmedegiler-mektep-oqushylary-zhane-31-myng-adam-evakuatsiialandy-video/