Оқыс оқиға

Зектілері

"Екінші қабаттан секірген": Құлсарыда полицей жанып жатқан пәтерден үш бала мен кейуананы құтқарды

Жарияланған күні:

Полицей
Әлихан Ахметов. Фото: polisia.kz

Құлсарыда көлік полицейі қызыл жалыннан адамдарды аман алып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық портал мәліметіне сәйкес, оқиға 15 наурызда сағат 09:35 шамасында болған. Атырау облысы Құлсары станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қатардағы полицейі Әлихан Ахметов вокзал аумағын патрульдеп жүргенде оған жұбайы шұғыл қоңырау шалады. Ол вокзал маңында орналасқан үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шыққанын хабарлайды. Дереу оқиға орнына барған Әлихан Ахметов өрттен адамдарды құтқаруға кіріседі.

Қатты түтін мен қауіпке қарамастан, полиция қызметкері ғимараттан адамдарды эвакуациялай бастайды. Ол кәмелетке толмаған 3 бала мен кейуананың өрттен аман шығуына көмектеседі. 101 нөміріне қоңырау шалып, өрт сөндіру бөліміне хабар береді.

Ахметов бөлме ішінде ешкім қалмағанына көз жеткізу үшін жанып жатқан пәтерге тағы бір кіреді. Алайда өрт пен түтіннің қарқыны қатты болып, полиция қызметкері бөлмені тексеруді жалғастыра алмайды. Ақыры өрт ошағынан аман шығу үшін ол екінші қабаттан секіріп түседі.

21 жастағы қатардағы полицей Әлихан Ахметов ІІО-да 2025 жылғы қаңтардан бастап қызмет етіп келеді.

"Оның төтенше жағдайдағы әрекеті батылдық пен адалдықтың жарқын үлгісі болды. Жас болғанына қарамастан, Әлихан ерекше табандылық танытып, төтенше жағдайларда әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Оның бұл ісі әріптестеріне шабыт беріп, қызметке деген адалдық үлгісін көрсетті. Сондай-ақ әріптестері жас қызметкердің алдағы уақытта да антына берік болатынына зор сенім артады", - делінген портал хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2228312-ekinshi-qabattan-sekirgen-qulsaryda-politsei-zhanyp-zhatqan-paterden-ush-bala-men-keiuanany-qutqardy/