Алматыда 13 адам қаза болған хостелдегі өрт: айыпталушыларға сот үкімі шықты
Опубликовано:
Алматыда 13 адам қаза болған хостелдегі өрт ісіне қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Бүгін бір жарым жылға созылған іске нүкте қойылды, хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Агенттіктің жазуынша, іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қаралған.
Екі адамға айып тағылған. Олар – хостел директоры және компания иесі.
Сот барлық мән-жайды ескеріп, келесідей үкім шығарған:
Хостел директоры Ә. М. 5 жылға, компания иесі А. П. 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Олар жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен мекемеде өтейді. Екеуі де сот залында қамауға алынған.
Алматыдағы хостелде болған өрт
2023 жылғы 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын мәлім етті. Олардың тоғызы Қазақстан, екеуі Ресей, екеуі Өзбекстан азаматы екені белгілі болды.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сол кездегі үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Кейін прокурорлар өрт оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеуге кіріскені, мекемені жалға беруші қамауға алынғаны хабарланды.
2024 жылғы қыркүйекте тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2263626-almatyda-13-adam-qaza-bolgan-hosteldegi-ort-aiyptalushylarga-sot-ukimi-shyqty/