Алматыда арнайы жасақ офицері 8 қабаттан құлап кетуге шақ қалған баланы құтқарып қалды
Опубликовано:
Алматы қаласының Алатау ауданында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Мырзабек Сейтенов шұғыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қызметтік міндетін атқарып жүрген офицер көпқабатты үйдің терезесінде орындықтың үстінде тепе-теңдігін әрең сақтап тұрған баланы байқаған. Бір сәт те ойланбастан ол пәтердің орналасқан жерін анықтап, кіреберіс арқылы жоғары көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге шығарды.
Абырой болғанда, оқиға сәтті аяқталды. Полицейлер баланың ата-анасына ескерту жасап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
"Біздің қызметкеріміздің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында бала өмірі сақталып қалды. Алайда бұл оқиға барлық ата-ана үшін маңызды сабақ болуға тиіс: балаларды, әсіресе терезе мен балкон маңында қараусыз қалдырмаңыздар", - деді Алматы қалалық ПД ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужин.
Полиция өкілдері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне аса мән беруге шақырады. Әсіресе жаз мезгілінде және оқу жылының басында балалардың терезеден құлау деректері жиілейді. Сондықтан терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокираторлар орнату, терезе маңына жиһаз қоймау және балаларды үнемі қадағалау – аса маңызды шаралардың бірі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2280405-almatyda-arnaiy-zhasaq-ofitseri-8-qabattan-qulap-ketuge-shaq-qalgan-balany-qutqaryp-qaldy/