Алғабастағы өрт: зардап шеккен 7 жасар қыз бала көз жұмды
Опубликовано:
Түркістан облысы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйден шыққан өрттен зардап шеккен 7 жасар қыз бала көз жұмды. Бұл туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған Kazinform хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, қыз бала 2025 жылғы 30 қарашада көз жұмған. Ол ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Көрсетілген интенсивті терапияға, бейінді мамандардың (соның ішінде республикалық санитарлық авиацияның 4-деңгей мамандарының) кеңестеріне, реанимациялық және дезинтоксикациялық шаралардың толық кешенінің жүргізілуіне қарамастан, орталық жүйке жүйесіне ауыр зақым келген қыз баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қарашада таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Зардап шеккен тағы үш адам – екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек өрттің шығуына не себеп болуы мүмкін екені айтылды.
27 қарашада денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өрттен зардап шеккен екі ересек адамның жағдайы тұрақты, ал баланың жағдай өте ауыр екенін айтқан еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2315031-algabastagy-ort-zardap-shekken-7-zhasar-qyz-bala-koz-zhumdy/