"Жүкті әйелі, баласы қайтыс болған". Қостанай тұрғыны сақтандыру төлемін ала алмай жүр
Жарияланған күні:

Жол апатынан жүкті әйелі, баласы қайтыс болған Қостанай қаласының тұрғыны Қуаныш Махмұтов сақтандыру төлемін ала алмай жүр, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
1,5 жыл бұрын болған жол-көлік оқиғасы бүтін бір отбасының тағдырын ойран етті. Жол апатынан Қуаныш Махмұтовтың айы-күні жақындап отырған әйелі, бір қыз баласы қаза тапты. Өзі мен үш баласы ауыр жарақат алған. Сол бір қайғылы күнді қайтадан жадында жаңғырту Қуанышқа аса қиын. Ол тілшілерден түр әлпетін көрсетпеуді өтінді.
"Қалған үш баламның жағдайы: ұлымның қол-аяғы сынған, жазылып кетті. Қазір кішкентай қызымның тыртығы қалды. Ортаншы қызым оңалту өтіп жатыр. Кішкене жағдайы дұрыс болмай жатыр. Мүгедектік берген. Өзім үш операция өттім, енді жамбас жаққа тағы бір операция керек", - дейді талап арыз беруші Қуаныш Махмұтов.
Жол апатына кінәлі көлік иесі мас күйінде болыпты. Оның үстіне жүргізуші куәлігі де жоқ екен. Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға сотталды.
Ал Қуаныш тиесілі сақтандыру өтемақысын да ала алмай жүр. Сақтандыру компаниясы төлдеуден бас тартқан соң сотқа да жүгінген.
"Сотта қаралған нақты осы азаматтық істе оқиғаға кінәлі жауапкер сақтандырылмаған. Осы негізде сот талапкердің сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға мәжбүрлеу туралы талабын қанағаттандырмады", - дейді Қостанай облыстық соттың баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.
Алайда қорғаушы заңгер Болатбек Ысқақовтың айтуынша, көлік құралы иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес төлем жасалуы шарт.
"Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында да жазылған, егер жүргізуші мас немесе жүргізушілік куәлігінсіз көлік тізгіндесе де сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуі қажет. Яғни жәбірленушіге регресс бойынша төленеді. Ал кейін жол-көлік апатына кінәлі тараптан өндіріп алады. Осындай заң нормасы болса, ол жұмыс істеу керек қой. Шешім тек заңды ғана емес, әділетті болу керек", - дейді құқық қорғаушы, заңгер Болатбек Ысқақов.
Осылайша қалалық соттың шешімімен келіспеген талап етуші тарап облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Қуаныштың өзі бұл айтыс-тартыстан психологиялық, физикалық тұрғыда қатты қажығандығын айтады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2236497-zhukti-aieli-balasy-qaitys-bolgan-qostanai-turgyny-saqtandyru-tolemin-ala-almai-zhur/