Оқыс оқиға

Зектілері

Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылды: дәрігерлер жолаушылардың жағдайы туралы айтты

Жарияланған күні:

Шағын автобусқа мініп жатқан футболшылар
Шағын автобусқа мініп жатқан футболшылар. Көрнекі сурет: andresr/Getty Images

"Астана-Ерейментау-Шідерті" автожолында "Мерседес" маркалы шағын автобус жол апатына түсті. Салдарынан жеті бала зардап шегіп, Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілген. Олардың біреуі — жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

"Астана-Ерейментау-Шідерті" автожолының 154-шақырымында болған жол-көлік апатынан 1990 жылы туған ер азамат қаза болды. Кәмелет жасына толмаған жеті жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Олардың біреу жансақтау бөлімінде. Баланы облыстық нейрохирург қарап шығып, симптоматикалық ем тағайындалды. Өзге алты бала жеңіл және орташа ауырлықта жарақат алған, барлығы хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Жарақаттан аман қалған тоғыз бала аурухананың стационарына орналастырылды", — деп мәлімдеді Ерейментау аудандық ауруханасынан.

Дәрігерлер қазіргі уақытта стационарда төрт бала қалғанын, олар өз ата-аналарын күтіп отырғанын жеткізді.

"Барлық медициналық және ұйымдастыру іс-шарасы қабылданды. Ауруханада ем қабылдап жатқан балалардың жағдайлары тұрақты. Жағдай Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында", — деп хабарлады ауруханадан.

Ал Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы мен құқық қорғау органдарының өкілдері оқиға орнына барғанын хабарлады.

"Балаларды алып келу үшін көлік ұйымдастырылған. Бірақ ата-аналар балаларын өздері алып кетіп жатыр", — деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Алдын ала болжам бойынша, шағын автобустың жүргізушісі жолда келе жатып жүк көлігін озып өтпекші болған уақытта аударылған.

"Автобус салонында 14-16 жас аралығындағы 16 бала және жаттықтырушы болған. Олар жарысқа қатысу үшін Павлодар қаласынан Астана қаласына келе жатқан. Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалды, қажетті тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, балалар жеке меншік спорт мектебінде жаттыққан. Спорт мектебінің басшылығы өз шәкірттерін жарысқа жіберген уақытта ол туралы полиция қызметкерлеріне ескертпеген. Сәйкесінше жолда патрульдік көлік автобуспен бірге жүрмеген. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2237298-pavlodar-astana-zholynda-balalar-mingen-avtobus-audaryldy-darigerler-zholaushylardyng-zhagdaiy-turaly-aitty/