Діни басқарма қажылықты құдды демалысқа барғандай сезінетіндерді сабырға шақырды

 "Әзірет Сұлтан" мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз Қазақстан жаңалықтары агенттігіне мұсылман баласына қажылыққа баруға қалай дайындалу керектігін, сондай-ақ биыл қажылықты өткізу ерекшеліктері туралы айтып берді.

Имамның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын арнайы Қажылық Миссиясы құрылған. Миссия құрамында уағыз-насихат тобы, дәрігерлер тобы, ақпараттық түсіндіру, т.б. жұмыс топтары бар. Аталған топ қажылыққа дайындық жұмыстарын, ұйымдастыру шараларын жыл бойы жүргізеді.

Бұдан бөлек облыстық, қалалық мешіттеріміздің жанынан Қажылық оқыту орталықтары ашылған.

"Сонымен қатар, 2500 мешітімізде жұма намаздарында бір мезетте қажылық туралы уағыз айтылады. Демек, қажылық рәсімдерін алдын ала білгісі келген адам мешіт жанынан ашылған Қажылық курсынан өтіп, тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан дәріс алады. Қағбаны қалай айналу керек, қажылықта қалай киіну қажет, қандай дұғалар айту керек – осының бәрі осы курстарымызда оқытылып, қосымша кеңестер беріледі", - деді ол.

Қажылық — туристік сапар емес

Имам қазақстандықтарды биыл 7 қыркүйекте басталатын қажылыққа бару ислам парыздарының бірі саналатын ұмытпауға шақырды.

"Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір адамдар дұрыс түсініп алмай, қажылықты табыс көзі немесе бизнес деп қабылдайды. Қажылықты бизнес деп қарау – үлкен қателік. Қажылық – Исламдағы бес парыздың бірі, ұлы құлшылық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыру дұрыс емес",-  деді Серікбай қажы Ораз.

Оның айтуынша, қажылыққа баратын адам  дайын болуы тиіс.

"4-5 миллион адам бір жерге, белгіленген арнайы орынға жиналған кезде сабыр етуге, аздап шыдауға тура келетін кептелістер мен күтпеген жағдайлар болады. Өкінішке қарай, кейбіреулер құдды демалысқа барған адамдай мүмкін емес нәрселерді талап етеді", - дейді ол.

"Қарапайым мысал айтайын, Мекке қаласында қажыларға шамамен 150 мыңға жуық автобус қызмет етеді. Кез келген көшеде кептеліс орын алады. Осындайда сіз біреуді 15-20 минутта қаланың арғы шетіне апарып көріңіз. Мүмкін емес. Осындай мүмкін емес талаптар айтылғанда сіз қандай шешім қабылдаған болар едіңіз?..", - деп қосты ол.

Үш мың жеңілдік

Серікбай қажы Ораздың мәліметінше, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен САК Қажылық министрлігі арасында екі-жақты келісім-шартқа қол қойылып, біздің еліміз үшін биыл 3000 орынға (квота) рұқсат берілді. Жыл сайын қажылыққа барушылар саны артып келеді.

"1993 жылы елімізден небары 150 жерлесіміз аттанса, қазір бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін жетті. Қаржылық мүмкіндігі бар мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылыққа бару – парыз", - деп қосты ол.

Ол қажылық діни амал болғандықтан, қажылық сапарын ұйымдастыру мәртебесі тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілгенін айтты.

"Ал ұмрамен (кіші қажылық) айналысу – кез келген фирманың өз еркі. Оған Діни басқарма араласпайды. Ұмра жылдың кез келген мерзімінде орындалса, үлкен қажылыққа белгіленген уақытта бару міндетті. Осының ара-жігін ажыратып, түсініп алғанымыз абзал", - деп түсіндірді ол.

Жаңашылдықтар

"Осы жылы қажылық жұмыстарына бірқатар жаңа жобалар енгізілді. Тасымалдау қызметі, виза ашу, хаж чек төлеу, т.б. қызметтер электронды жүйеге көше бастады",- деді имам.

Сонымен қатар, жоғары діни білімді, жол көрсететін тәжірибелі мамандардың болуы; қажыларға жол көрсетуші және жетекші қызметкердің ҚМДБ-ның арнайы сараптауынан өтуі, 100 қажыға алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін бір дәрігер мен отандық дәрі-дәрмектің болуы, адасып қалған қажыларды дер кезінде іздестіру тобының болуы; қажылардың сұрақтарына жауап беретін білімді дін қызметкері болуы тиіс, т.б.талаптар енгізілген.

Тасымалдаушы

"Осы жылы да 50 де 50 ережесі бойынша, қажыларымыздың 50 пайызын отандық әуе компаниямыз – «Эйр Астана» тасымалдауы қажет болатын. Бастапқы кезде «Эйр Астана» қажыларды тасымалдауға ниет білдірген еді. Алайда, компания тарапынан тапсырыс берілген қосымша жаңа ұшақтардың қажылық маусымына дейін дайын болмауына байланысты «Эйр Астана» бұл ұсынысты қабылдауға дайын емес екенін ресми хат арқылы мәлімдеді", - деп хабарлады имам.

Сонымен осы жылы да Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығына Сауд Арабия Корольдігінің «Флай Нас» халықаралық әуе компаниясы ие болды.

Қауіпсіздік

ҚМДБ Қажылық Миссиясының құрамында адасып немесе науқастанып қалған адамдарға көмектесетін арнайы топ жұмыс істейді. Әрбір қажылық фирмаларында азаматтарымызға жол көрсетуші, жалпы қауіпсіздік саласына жауапты кемінде 3-4 адам қызмет етеді. Барлық қажыларға осы қызметкерлердің байланыс телефондары көрсетілген бейджиктер таратылады. Қауіпсіздікке жауапты азаматтар күн сайын Қажылық Миссиясының басшыларына есеп беріп тұрады.

"Ал САК Қажылық министрлігі мен ҚМДБ Қажылық Миссиясының талаптарын орындамаған немесе ереже бұзған фирмаларға қатаң шара қолданылады",-деп қорытындылады сөзін Серікбай қажы Ораз.

Тағы да оқыңыздар