Жансейіт Түймебаевтың балалық шағы өткен үй мал дәрігерлеріне берілмек (фото)

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың балалық шағы өткен үй мал дәрігерлеріне берілмек, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бала күнінде отбасымен бірге тұрған үйде бүгінде Созақ ауданына қарасты Қаратау ауылдық округінің әкімдік қызметкерлері отыр. 

"Біз отырған ғимаратта кезінде қазіргі облыс әкімі сегіз жыл тұрған. Әкесі Қансейіт Түймебаев біздің ауылға партия ұйымының хатшысы болып келген соң бұл үй шамамен 1962-1964 жылдары қызметтік баспана ретінде берілген. Жансейіт Түймебаев үшінші сыныпты бітіргенше осы үйде тұрып, кейін Шымкенттегі мектеп интернатына ауысады. Отбасы осында қалған, демалыс кезінде кеп тұрған ғой өзі. Кейін ол кісінің әкесі (ред. ескертпе: Жансейіт Түймебаевтың әкесі:) қызметін ауыстырған соң бұл үйге оның орнына келген хатшы отбасымен тұрған", - деді Қаратау ауылдық округінің әкімі Оразхан Ермахан.

Ескі үй 1994 жылы Қаратау ауылдық округі әкімдігінің ғимаратына айналады. Міне, содан бері қызметкерлер бұл орыннан жылжымаған. Ал оның алдында нысан балабақша болған. Ауыл әкімі ғимараттың тозығы жеткенін алға тартты.

"Облыс әкімі тұрған үй, ғимаратымыз ескі" деп айтып жүріп жаңа ғимарат соғатын болдық. Келер жылы басталады құрылысы. Жер телімі бөлініп қойды. Ауылға кіреберіс тұста көрінеді. Ал бұл ғимаратты мал дәрігерлік мекемесіндегілерге береміз деп отырмыз", - деді Қаратау ауылдық округінің әкімі Оразхан Ермахан.

Тағы да оқыңыздар

Пікір