Астанада денесі құдықтан табылған балақайдың туыстары жанайқайын жеткізді

Осыдан бірнеше күн бұрын ашық жатқан кәріз құдығына түсіп кетіп, қайтыс болған 13 жастағы Бақдәулет Өмірханның жақындары жанайқайын жеткізді. Астаналық еріктілер бірнеше күн іздеген баланың туыстары оның денесін қалай тапқанын айтып берді деп хабарлайды "КТК" арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

16 ақпан күні үйінен шығып кеткен жеткіншектің денесін жақындары 4 күннен кейін тапқан. Полицейлер мен еріктілер айналадағы барлық ашық кәріз құдықтарын тексеріп шыққан екен.

Сол уақытта еріктілер ауданда онға жуық ашық кәріз құдығын тапқан. Үйден 150 метр жердегі аузы ашық құдықтан 7 сынып оқушысының денесі табылды. Бақдәулеттің жақындары соңғы сәтке дейін оның тірі екеніне үміттенген.

Жеткіншек туыстарының болжамынша, ауданның екінші бөлігіне жету үшін жеткіншек төте жолды таңдап, жолды бос жатқан даламен кесіп өтпек болған. Ал аузы ашық құдықтың беті қарға толы болғандықтан, байқамай қалуы мүмкін.

Бақдәулет телефонға жауап беруін қойған соң оның ата-анасы дереу полицияға шағымданған.

Жақындары полициядан балақайдың телефонына келіп түскен қоңырау бойынша іздеп, оның қазіргі орнын табуды өтінген.

Жеткіншектің туыстары сол уақытта оны тірі табуға болатынын айтуда.

"Олар керісінше бізге келіп, баланың неге жоқ екенін сұрады. Олар баламызды компьютер клубына ойнауға кетті деп ойлаған. Алайда ол ешқашан ойын залдарына бармаған. Көбіне үйде отырады. Мен баланы иттермен іздеп, оның иісі арқылы табуды ұсындым. Мүмкін сол уақытта ол тірі қалар ма еді?!", - дейді марқұмның ағасы Нұржан Өмірханұлы.

7 сынып оқушысын іздеген еріктілер тобы оның денесі табылған құдықтың жанынан бірнеше рет өткен. Алайда оны тек өздері құлап кете жаздағанда бір-ақ аңғарған.

Еріктілердің мәліметінше, олар 100-ге жуық ашық кәріз құдықтарын аңғарған.

Дереккөз: КТК

Ал оқушының тәтесі Айзада Tengrinews.kz агенттігіне Бақдәулет үш ағайынды екенін, отбасындағы жалғыз ұл бала болғанын айтып берді.

"Ол үйдің үшінші баласы. Жалғыз ұл. Үнемі үй тірлігіне қолғабыс ететін. Ешкімге ешқашан дауыс көтерген емес", - дейді әйел.

Сондай-ақ Айзаданың мәліметінше, Бақдәулет ерке болып өспеген. Ал оның құдыққа қалай құлағанын ешкім білмейді. Қазір тек болжамдар ғана бар.

Айта кетейік, мектеп оқушысын бүгін 22 ақпан күні Таразда жер қойнына тапсырады.

Еске сала кетейік, Астанада 16 ақпан күні жоғалып кеткен он үш жастағы жетіншектің денесі үйінің қасындағы құдықтан табылған болатын.

Тағы да оқыңыздар

Пікір