RU

Жүрегі тоқтап қалған нәрестені шымкенттік дәрігерлер қайта тірілтіп алды

Шымкентте 11 айлық сәбиін шомылдырып жатқан ана перзентінен айырылып қала жаздады. Абайсызда суға тұншығып қалған нәресте дем ала алмай қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 31 наурыз күні болған. Сол күні сағат 15.54-те жедел жәрдем станциясына 11 айлық баланың тұншығып қалғандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Құрамында дәрігер С.Саидмұрадова және фельдшер бар 8-ші бригада шұғыл шақырылымға жіберілген.

Оқиға орнына келген ақ халаттылар сәбидің жүрегі тоқтап қалғандығын анықтап, лезде жансақтау тәсілдерін жасауға көшкен.

"Баланы қарау кезінде дем алысы байқалмай, нәресте ес-түзсіз халде болған. Жедел көрсетілген реанимациялық шара нәтижесінде үш минуттан соң сәбидің жағдайы жақсарып, тіршілік белгілерін білдірген", - деп хабардар етті Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жүрегі соғып, есін жиған сәбиді жедел жәрдем дәрігерлері қалалық балалар ауруханасына жеткізген.

Шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, алты күн бойы сәби ауруханада қажетті емді алған соң үйіне қайтарылған.

Тағы да оқыңыздар