Диктанттан қате жіберген баланы мұғалім оқушылардың көзінше ұрған

Өзбекстанның Самарқанд облысында мектеп оқушысын сынып жетекшісі сабаған. Бұл туралы ұл баланың әкесі айтты деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Келеңсіз жағдай Челак қаласының №79 орта мектебінде болған.

"Диктантта ұлым қате жібергені үшін мұғалімі 36 оқушының көзінше сабаған. Иығынан, басынан ұрған. Қазіргі уақытта баламның денесі көгерген", - деді жәбірленушінің әкесі.

Оның айтуынша, ұлымен психолог жұмыс істеп жатыр екен.

"Мектептен келген ұлымды көріп, бірден ауруханаға алып бардым. Ол әбден қорқып қалған. Қазір үйде дәрі қабылдап, емделіп жатыр", - дейді ол.

Жергілікті полиция аталған оқиғаға байланысты пікір білдірді.

"Оқушы медициналық сараптамадан өтті. Қорытындысын күтіп отырмыз. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр" , - деді ол.

Мектеп директоры Асад Жураев бұл оқиға бойынша ішкі тексерістің басталғанын мәлімдеді.

"Біз мұғалімге сөгіс жарияладық. Шын мәнінде ол өте тәжірибелі педагог. Сол күні үйінде жанжал шығып, ашулы болғандықтан балаға қол көтерген. Қазір өзінің істеген ісіне өкініп жүр", - дейді директор.

Пікір

Тағы да оқыңыздар