Достарымен қыдырып кеткен жамбылдық жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

Жамбыл облысының Шу ауданы Жаңакөл ауылында туыстары жас жігітті алты күннен бері іздестіріп жатыр. Ол түс кезінде үйден шығып, сол күйі қайта оралмаған. Жігіттің таныс қызы оның достарымен бірге өзен жағасында уақыт өткізгенін, кейін басқа жаққа кетіп, сол күйі із-түзсіз жоғалғанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бойжеткеннің айтуынша, жоғалған 1995 жылғы Эмиль Маликович Гулиев – көп сөйлемейтін сабырлы жігіт. Ол жұмыс істемейді, бірақ, ата-анасы мен көршілеріне үй шаруашылығында көмектеседі екен.

Жоғалған күні үстінде қара спорттық киім, қара куртка және аяғында қара кроссовка болған.

Жігіттің бойы – 178 сантиметр. Орташа денелі, көздері – қоңыр, шашы – қара. Көзінің тұсында және бетінде қалы, сондай-ақ қолының саусақтары мен арқасында тыртығы бар.

Өзімен бірге ұялы телефоны болған.

Танысының айтуынша, олар жігітті өз бетінше іздеп көрген, алайда, одан нәтиже шықпаған. Эмильдің туыстары полицияға жүгінді.

Жамбыл облысының полициясы бұл фактіні растап, бағдар берілгенін және іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Эмиль Гулиев туралы қандай да бір ақпарат білетін жандар болса мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды: +7 705 147 07 47 немесе 102.

Тағы да оқыңыздар