RU

Бас прокуратура лицензиясы тоқтатылған "Олимп" букмекерлік кеңсесіне қатысты пікір білдірді

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Olimp.kz букмекерлік компаниясының лицензиясы тоқтатылуына байланысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Құзырлы орган өкілі журналистерге қазіргі уақытта Olimp.kz букмекерлік компаниясының ісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

"Егер заң бұзушылық болса, онда бәрі жауапкершілікке тартылады", - деді Ахметжанов.

Ол тәжірибеге сүйене отырып, тергеу шаралары бір жылға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.

Ахметжановтың сөзінше, заң бұзушылық немесе заң бұзушылық белгілері байқалса, елдегі басқа да букмекерлік кеңселер тексерілуі мүмкін.

Бас прокурордың орынбасары мұндай компаниялар елдің заңын қатаң түрде ұстанып жұмыс істеу керектігін атап өтті.

Еске сала кетсек, бүгін "Олимп" кеңсесі ставкаларды қабылдауды тоқтатқаны хабарланды.

"2020 жылдың 22 қаңтарынан бастап OLIMP.KZ лицензияның тоқтатылуына байланысты ставка қабылдай алмайды", - делінген букмекерлік кеңсесінің хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, "Олимп" букмекерлік кеңсесінің әкімшілігіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлағанбыз.

Күштік құрылым ведомствосының баспасөз қызметі мәлім еткендей, букмекерлік кеңсе қажетті лицензиясыз интернет-ресурстар арқылы қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, компанияның ел аумағынан заңсыз ақша шығару жолы кесілді.

Оңтүстік астананың мамандандырылған ауданаралық соты "Олимп" букмекерлік кеңсесінің сауда маркасымен "Only bet" ЖШС және "Alpha bet" ЖШС-не берілген лицензияны жарты жылға тоқтатуға шешім шығарды.

Кейінн Алматы прокуратурасы "Олимп" букмекерлік кеңселеріне қатысты тексеріс аяқталғанын, жалпы алғанда, компания 145 млрд теңге салық төлеуге міндеттелгенін мәлім етті.