19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізіледі

Еліміздің премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, 19 наурыздан бастап екі мегаполисте карантин режимін енгізу туралы шешімге келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы үкімет басшысына денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, премьер-министрдің орынбасары ЕралыТоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М. Мырзалин баяндаған.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдаған.

Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:

- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;

- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;

- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

- азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, "клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

- ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

Еске сала кетейік, соңғы деректерге сәйкес, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 32-ге жетті. Олардың 15-і Алматыда тіркелсе, 17-і Нұр-Сұлтанда тіркелген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!