RU

Тоқаев Сағынтаев пен Көлгіновке азық-түлік бағасын қатаң бақылауда ұстауда тапсырды

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдерімен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңес кезінде Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді.

Президент қала тұрғындарын ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек көрсету керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируске қарсы күрестің маңыздылығын айта келе, қала тіршілігіндегі басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тасқынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының карантин енгізу жағдайына әзірлігі, қосымша дайындалған төсек-орындар саны, коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске қажетті барлық ресурстар мен құралдарды жұмылдыру туралы баяндады. 

Мемлекет басшысы еліміздің ірі мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің шешілуіне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауда тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Бақытжан Сағынтаевқа Алматы облысының әкімімен бірлесіп Алматы қаласында жұмыс істейтін өңір тұрғындарының мегаполиске қатынау мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.

Еске сала кетсек, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізілетіні туралы хабарлаған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар