RU

Тоқаевтың баспасөз хатшысы: Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуда

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Айқын басылымына берген сұқбатында халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасып жатқанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Берік Уәли мемлекет басшысының сайлау алдында берген уәделерін қалай жүзеге асырып жатқанына тоқталды.

"Сайлаудағы жеңіс Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынған бағытын қоғамның толық қол­дайтынын көрсетті. Сайланған президент халыққа берген уә­десін орындау үшін жұмысқа бірден кірісіп кетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда өткен ұлық­тау рәсімінде бірқатар жаңа идеяны айтқан болатын. Оның бәрі Президенттің жыл бойғы атқарған жұмысында анық кө­рініс тапты. Соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен "Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына көшу бас­тамаларын атап өткім келеді. Қазір байқасаңыз, шын мәнінде халықтың үніне құлақ асатын, елдің арыз-арманын тыңдап, жедел жауап беретін, мәселелерін шұғыл қарастыратын мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді", - деді ол.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Тоқаевтың жұмыс стилі мен ұстанымдарын қалай сипаттайтынын айтып берді.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан президенті қызметін атқарған бір жыл ішінде жүйелік, жеделдік, нақтылық, баста­машылдық сияқты ұстанымдарды басшылыққа алатынын көрсетті", - деді Берік Уәли.

Ол бір жыл ішіндегі президент бір жылда қандай жетістікке жеткенін тілге тиек етті.

"Президент­тің былтырғы жұмыс кестесінің өте тығыз болғанын қарапайым статистикалық мәліметтерден-ақ көруге болады. Ол бір жылда 67 заңға, 357 Жарлыққа, 158 өкімге қол қойды.
2019 жылдың наурызынан бастап Мемлекет басшысы 500-ге жуық түрлі іс-шараға қатысты. Соның ішінде 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауы ерекше орын алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде 26 жұмыс сапарын жасап, бүкіл өңірді аралап шықты. Ал сыртқы саясат бойынша Прези­денттің қатысуымен 100-ден астам кездесу мен іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы бір жыл ішінде еліміздің өңірлерінде – 30, шетелде – 28, жалпы 58 күн ісса­парда болды.
Қасым-Жомарт Кемелұ­лы­ның масс-медиамен ықпал­дас­тығын ерекше атап өткен жөн. Бір жыл ішінде ол шет мемле­кеттердің және халықаралық ұйым басшыларымен бірлесіп, 3 баспасөз мәслихатын, 8 брифинг өткізді. Мемлекет басшысы отан­дық және шетелдік БАҚ өкіл­деріне 18 сұхбат берді. Газеттерде екі мақаласы жарыққа шықты. Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық хабарламасы және Instagram-да 72 жазбасы жа­рияланды", - деді Тоқаевтың баспасөз хатшысы.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар