RU

Үйде жұмыс істеу кезінде қандай ережелерді сақтаған жөн

Еліміздің ірі қалалары Нұр-Cұлтан мен Алматыда карантин жарияланғаннан кейін көптеген компаниялар қызметкерлерін үйінде жұмыс істеуге жіберді. Бұл шаралардың барлығы адамның саулығы үшін жасалып отырған қадам деп түсінуіміз керек. Осы орайда KAZ.NUR.KZ порталы Massaget.kz басылымына сілтеме жасап үйдегі жұмыстың кеңседегідей өнімді болу жолдарын көрсетеді.

Жұмысыңыз нәтижелі болу үшін төмендегі ережелерге мойынсыну артық етпес.

1. Теледидар қоспау

Көгілдір экраннан шыққан дауыс сізді жұмыстан алаңдататыны сөзсіз. Егер басқа отбасы мүшелері теледидар қараса, басқа бөлмеге барып жұмыс істеңіз.

2. Дұрыс киіну

Жұмыс костюмін кию міндетті емес. Үйде дресс-кодтан демалуға болады. Алайда, қалай болса солай киініп отыруға болмайды. Жинақы немесе әдемі киініп алу жұмыс атмосферасын жасауға көмектеседі.

3. Тамақ алып келу

Күнде дүкенге бармас үшін бірнеше күнге жететін азық-түлік алып қою артық етпейді. Бұл тек күнделікті үйге қажетті азық-түлікке қатысты емес, мысалы, кеңседе сүйіп ішетін кофеңіз немесе тіскебасарыңыз сізге қосымша шабыт сыйлауы бек мүмкін.

4. Жұмыс кестесінен шықпау

Үйде жұмыстан алаңдататын тұрмыстық шаруалар толып жатыр. Мысалы: кір жуу, тамақ пісіру, үй жинау. Бірақ оның бәрі уақытыңызды алатынын ұмытпау керек. Сол себепті бұл істерді демалыс күндерге немесе кешкі уақытқа қалдырған жөн.

5. Жұмыс орнын ұйымдастыру

Диванда жатып, жұмыс істеу карантиннің бір артықшылығы шығар. Бірақ бұлай жұмыс істеу денсаулығыңызға зиян және жұмыс процесіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті бөлменің бір бұрышынан жұмыс үстелін ұйымдастырған абзал.

Оған қажетті құжаттар, кітаптар, қалам және блокнот қою артық етпес. Жинақы кеңсе бұрышы жастық-көрпе шашылып жатқан жерден қарағанда жұмыс жасауға көбірек шабыт береді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар