RU

2020-03-30

"Түркиядан келген": Ақкентте карантинге жабылған үйдің тұрғындары қалай күн кешуде

Автор:

Алматыда коронавирус ошағы табылған Ақкент тұрғын үй кешеніндегі №7 үй тұрғыны Эльмира Букетай KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Бір аптадан бері үйден шықпаған олар карантин жағдайында қалай өмір сүріп жатқандарын баяндады.

Көрнекі фото: NUR.KZ

Эльмираның айтуынша, қауіпті індет жұқтырған адам №7 үйде пәтер жалдап тұрған. Бүгінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек үшін де далаға шыға алмай қалған олар жақсылықтан үміттеніп, көңіл-күйлерін түсірмеуге тырысуда.

"Біз тұратын №7 үйдің тұрғындары өте тату. Көршілер бір-бірімен жақсы араласады. Тек пәтер жалдап тұрушылар ғана көп қатарға қосылмайды. 24 наурыз күні сағат 10:30 шамасында есігімізді қағып, үйді карантинге жабатынын айтты. Біздің үйде коронавирус күдігіне ілінген адам барын айтқанда төбемізден жай түскендей болды. Қатты қиналдық.
Өйткені, қауіпті індет шығады деп мүлде күтпеген едік. Кейін вирус жұқтырды деп күдікке ілінген адамның талдау қорытындысы 26 наурыз күні анықталатынын айтты. Сол екі күн бойы біз жақсы хабар күтумен болдық. Егер диагноз расталмаса, үйімізді ашатын шығар деген үмітпен жүрдік.
Бірақ нақты хабар әлі жоқ. 26 наурыз күні біздің үйдегі карантин мерзімін 6 сәуірге дейін созатынын айтты. Өйткені, коронавирус жұқтырған адам Түркиядан ұшып келген екен", - дейді карантинге жабылған үйдің тұрғыны Эльмира Букетай.

Бүгінде карантинге жабылған үйдің тұрғындарына далаға шығуға қатаң тыйым салынған.

"Бізде барлығы жақсы. Барлығы бізбен байланыста. Тек ең қиыны – дүкен мен дәріханаға бара алмайтынымыз. Өйткені, біздің үйде 4-5 балалы отбасылар бар. Емізулі баласы бар келіншектер көп. Зейнеткерлер де жоқ емес. Сол кісілерге көбірек көмек қажет.
Осы орайда, Ақкент еріктілеріне алғыс айтқым келеді. Жақында Ақкенттегі бір топ адам ақша жинап, біздің үйде тұратын көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізіп берді. Балаларға жөргек, жеміс-жидек беріп жібергені бізді қатты қуантты. Өйткені, өз еркіңнен тыс үйге қамалып, дүкен мен дәріханаға да шыға алмаған кезде бұл үлкен көмек!
Осындай қиын кезеңде ауызбіршілік танытқан біздің көршілерге, Ақкент тұрғындарына алғысымыз зор. Бұл қиын күндер артта қалып, күнделікті тіршілігімізге оралатынымыз анық. Сол күнге тезірек жеткізсін бізді", - дейді Эльмира.

Айта кетейік, 30 наурыз сағат 12:45-тегі жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 294-ке жетті.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Ұсынылған мақалалар

NUR.KZ әлеуметтік желілерде