"Күдікті жақын досын өлтірген": Шымкенттегі атысқа қатысты тың деректер пайда болды

Шымкент қаласындағы атысқа қатысқандардың барлығы бір-бірін танитын адам болып шықты. Тіпті өлген жігіт пен оны атқан күдікті жақын араласқан көрінеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: Отырар арнасы

Атыс Шымкенттегі ең қымбат мейрамханалардың бірінде орын алды. Жазғы алаңдағы дастарқан басында бас қосқан жігіттердің арасында жанжал туындап, соңы кісі өлімімен аяқталған. Тағы бір адамның жағдайы өте ауыр.

"Кеуде қуысының ашық жарақаты, құрсақ қуысының жабық жарақаты. Екі балтырының оқ жарақатымен келіп түсті. Толық диагнозы сол және оқ жақ өкпе қуысының ашық жарақаты. Пневмоторакс. Құрсақ қуысының жабық жарақаты. 12 елі ішектің және тоқ ішектің зақымданған", - дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұржан Естемесов.

Ал мейрамханаға жақын жерде тұратын жұрт оқ атылған уақытта үйден шыға алмай қалғандарын жеткізді.

"Кәдімгідей тарс етіп бірдеңе жарылғанбай болды. Жобамен екі-үш рет атылды", - деді жергілікті тұрғын Сәуле Құрымбаева.

Тағы да оқыңыздар

Алматыда ер адам қатты музыка туралы ескертпеге жауап ретінде адамдарды атқан

Осы атышулы оқиға байланысты кеше әлеуметтік желіде түрлі ақпар тараған еді. Арасында қылмыстық топтар арасында жанжал туындаған деген де нұсқалар айтылды. Алайда полиция бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Себебі, атыс арасында болған жетеудің бәрі өзара жолдас екен.

"Тергеу жүріп жатыр. Ол жерде бөлініп жатқан адамдар емес. Жаңағы бірге жүрген жігіттер. Дос боп жүрген. Қайтыс болған жігіт пен атқан деген күдікті екеуі жан жолдас. Иә, бірге жүрген. Енді қазір тергеу жүргізуіміз керек", - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, осыған дейін Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде атыс болып, салдарынан бір адам көз жұмып, тағы бір адамның ауыр жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз. Кейінірек бұл жағдайға байланысты мегаполистің полиция департаменті пікір білдірді.

Тағы да оқыңыздар

Шымкентте мейрамханалардың бірінің маңында атыс болып, бір адам қайтыс болды (фото)