Алматы облысында ерлі-зайыптылар тапа-тал түсте дүкен тонаған

Алматы облысында Талғар ауданының полицейлері тапа-тал түсте дүкен тонаған ерлі-зайыптыларды ұстады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: truyen4u.net

Оқиға 12 тамыз күні аудан орталығы Талғар қаласында орын алған.

Азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылар алдын ала сөз байланысу арқылы үйлеріне жақын маңдағы дүкеннен азық-түлік алып, дүкен сатушыларын қорқытып, ақшасын төлеместен оқиға орнынан ізін суытқан.

Бұл жайт туралы полицейлерге хабар беріліп, тәртіп сақшылары шұғыл жетіп, қылмысқа қатысы бар адамдарды жылдам анықтаған.

"Азаматтық некеде тұрып жатқан екі азаматтың өзара келісуімен қылмыстың орын алғаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 32 жастағы күдікті аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", – дейді Талғар ауданы полиция басқармасының басшысы Ерлан Қасым.

Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, дүкен сатушыларына бұрын сотты болғанын және ештеңеден тайынбайтынын айтып қорқытқаны анықталды.

Тағы да оқыңыздар

Шымкенттегі атыс: Күдіктілер ұсталды

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері жарты сағаттың ішінде үш адамды тонаған 24 жастағы тұрғынды ұстаған еді.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында жекеменшік үйге ұрлыққа түсіп, қылмыс орнында ұйықтап қалған ер адам жайлы жазған болатынбыз.