"СҚ-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басшысы ұсталды

"СҚ-Фармация" компаниясының бұрынғы төрағасы тұтқындалды. Ол өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми Telegram арнасына сілтеме жасап.

Фото: ОКҚ: Depositphotos

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ТЖ уақытында медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша "СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлайды", - делінген ведомство хабарламасында.

Күдікті соттың санкциясымен 14 тамызда қамауға алынған. Оған қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.

Агенттік тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақпараттың хабарлауынша, "СҚ Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп 2 айға қамауға алынған.

Еске сала кетейік, 21 сәуірде, елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде, Берік Шәріп "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы болып тағайындалған еді.

Кейін мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында компанияның қызметін сынға алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа ұйымының жұмысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің бар-жоғын тексеруді тапсырды.

Тағы да оқыңыздар

Атырауда тыйым салынған аудионы таратқан желі қолданушысы жауапқа тартылды

Сол күні Берік Шәріп қызметінен босатылып, 12 шілдеде оның орнына Ерхат Есқалиев тағайындалды.

Ол бұрынғы басшылықтың жұмысы үшін кешірім сұрады.