RU

Ұлттық банк төрағаларының бүйрегі неліктен Ресейге бұрып тұрады?

Ұлттық банк басшылары қанша жерден сынның астында қалып жатса-дағы, оны елеген емес. Кезіндегі Марченко мен Келімбетов те, қазіргі Ақышев та халыққа ақыл-кеңесін айтып отыра береді.

Олардың қылығын, орынсыз сөздерін жұртшылық қызу талқылап жатады, бірақ олар түсініктеме беруге асықпайды деп жазады Корреспондент басылымы.

Басшылар қазақтың қоғамын да, бұқаралық ақпарат құралдарын да менсінбейтін болып тұр. Өйткені, олар тағайындала салысымен ресейлік, батыстық БАҚ-қа сұхбат беруді дәстүрге айналдырған. Сол уақытта отандық БАҚ-қа «қоя тұрыңдар, уақыты келген жоқ» дейді де, өздері жарқырап көршінің газетіне шығып жатады. Осы жолы да Данияр Ақышев ресейлік «Ведомости» басылымына сұхбат берді.

Шетелдік газет беттерін толтырып, көлдей сұхбат беру дәстүрінің «негізін салған» Григорий Марченко еді. Ол қағидаға Қайрат Келімбетов те адал болды. Ендігі кезек Данияр Ақышевке келді. Ол банк басшылығына келген 5 айдың ішінде Ресейдің РБК және «Россия-24» арналарына, сосын «Ведомости» басылымына сұхбат беріп үлгеріпті. Әрине, оған Ұлттық банктің пиарға бөлінген қаржысынан төленді ме – ол жағы бізге беймәлім. Алайда, банк жыл сайын бұл мақсатқа аз ақша бөліп отырған жоқ.

Айталық, 2014 жылы Ұлттық банк жарнама, хабарландыру мен БАҚ-қа деп 119,7 млн теңге жұмсаған. 2013 жылы одан 3,2 есе көп қаржы жұмсағанын айта кету керек. Әрине, ол қаржының біраз бөлігі қазақстандық ақпарат құралдарына бұйырғаны жалған емес. Өйткені, Ұлттық банк үнемі басылымдарға жарияланып, телеэфирді сатып алып жатады.

Дегенмен, Ұлттық банк төрағаларының ресейлік БАҚ-қа деген «біртүрлі» махаббатын түсіну қиын. Егер көршілеріміз біздің іскер тұлғаларға сұмдық қызығушылық танытып жатса, түсінер едік-ау. Оларға біздің Ұлттық банкті кім басқарып отырғаны, оның не бітіргені бес тиынға да керек емес қой. Біздің БАҚ та «Ресей Банкінің» жұмысына алаңдаған емес. «Ресей Банкі» төрағасы қазақстандық журналистерге соңғы рет 2001 жылы сұхбат берген екен. Одан кейін ешкім іздеген емес.

Сонымен, Данияр Ақышев «Ведомости» газетіне берген сұхбатында не деді? Сұхбаттың аты «Қазақстан 90-жылдарға қайта оралды» деп аталады. Тым батыл тақырып. Бір қызығы, мұнда Данияр Талғатұлы көбінде жекешелендіру жайлы толғаныпты. Қаржылық институт басшысының өзіне аса бір қатысы жоқ тақырыпқа көсілгені қызық екен. Неге?

Бұл орайда аталмыш сұхбатты «жекешелендіру ғажайыптары туралы» деп атаған танымал қаржыгер Айдан Кәрібжановтың сөздері жағдайды нақтылай түседі. «Жекешелендірудің пайдасы туралы экономика министрі немесе бас прокурор айтса жарасар еді, - дейді Кәрібжанов өзінің Facebook парақшасында.

- Тіпті болмаса қанша компанияны басқарып отырғанын ұмытып қалған мемкомпаниялардың көзін май басқан бастығы айтса да түсінер едік. Ал Ұлттық банк төрағасынан теңгенің мұнай бағасына байлануы, қаржылық жүйенің тұрақтылығы туралы сұраса болмас па. Бәлкім әлдебір қаржы иснтитуттарын қайта құру керек пе, банктердің стресс-тесті жайлы сұрасын", - дейді ол.

«Ведомости» журналисі зейнетақы жинақтары туралы сұрағымен Данияр Ақышевті бұрышқа тақағаны байқалады. Өйткені, жеке зейнетақы қорларын мәжбүрлеп жауып, ақшаның бәрін мемлекеттік қорға әкеп тығу арқылы институционалды инвесторлардың бүкіл бір тобы қор нарығынан аластатылды. Әрине, Ақышев барынша ақталып, «зейнетақы жинақтары әлі де өз иелеріне – Қазақстан азаматтарына тиесілі екенін», екі жыл бұрынғы шешім мен қазіргі іс-шараларды салыстырмауды өтініп бақты.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы «БТА» төңірегіндегі әңгімелерді талқылаудан бас тартып, инфляция жайында бір ауыз айтпады.

Сол аралықта Қазақстандағы инфляция барынша өсіп жатыр. Өткен жылы 13,6% болса, биылғы наурызда 15,7 %-ға жетіп жығылды. Солтүстіктегі көршімізге көз салсаңыз, оларда былтыр 12,9% болса, биыл 8,1%-ға төмендеді.

Төрағаның әңгімесіне қаныққан сайын оның теңгені әлсіретуді барынша жақтайтынын байқайсың. Алайда, дәл сол Ресейде рубльдің әлсіреуі біздегідей асығыс, апыл-ғұпыл бола салған жоқ. Олар асықпай, уақытымен келді бұл мәселеге. Оларда бір жарым жылға созылған процесс бізде жарты жылда болды. Сондай-ақ, Ақышев мырза «мұнай бағасы 10 долларға жеткенде не істейсіз? Қандай да бір жоспар бар ма?» деген сауалға «ең үлкен тәуекелден өттік, ендігі қауіп-қатер соншалықты қорқынышты емес» деп жауап қатты. Егер шынымен мұнай 10 долларға дейін түссе, 90-жылдарға оралу деп сол кезде айтса болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/ekonomika-zhane-biznes/1106714-ulttyq-bank-toraghalarynynh-buyregi-ne/