RU

Петропавлда дүкен өртеніп, 125 адам қауіпсіз жерге шығарылды

Қызыл жалын
Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавлда бес қабатты үйдің астында орналасқан «Караван» дүкені өртеніп, 125 адам қауіпсіз жерге шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесіндегі 246 мекенжайдағы «Караван» дүкенінде 31 желтоқсан күні сағат 19.15 минут кеткенде шыққан.

Сауда орталығы 5 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан деп жазады ҚазАқпарат агенттігі. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде дүкен ішіндегі тұрмыстық тауарлар сататын бутиктер жанып жатқан. Қатты түтін болған.

Өрт сөндірушілер үйдің 4 подъезінен 125 адамды, соның ішінде 25 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Ал дүкен өрт шыққан кезде жабық болған. Полицейлер дүкен жанын қоршап, үй тұрғындарын жергілікті атқарушы билік бөлген 4 автобусқа және ТЖД-нің «Вахтовка» КАМАЗ-ына отырғызуға көмектесті.

Өртті сөндіруге 12 техника мен 40-тан астам маман жұмылдырылды. Ал сағат 20.18 минут кеткенде толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Мамандардың айтуынша, өрт 39 шаршы метр аумаққа таралып, сауда орындары мен тауарларға зақым келді.

Алдын ала болжам бойынша, жалын электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін. Өрт сөндіріліп болғаннан кейін үй тұрғындары пәтерлеріне оралды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/ekonomika-zhane-biznes/1892035-petropavlda-dken-rtenip-125-adam-kauipsiz-zerge-sygaryldy/