RU

Астана мен Алматы арасына «Аэрофлот» ұшақтары қатынамақ

«Аэрофлот» әуе компаниясы Қазақстандағы "Трансаэроның" орнын баспақ. Ресейлік компания қазанның 25-інен бастап Астана мен Алматы арасында күнделікті рейстер жіберуі мүмкін.

Бұл туралы  әуе компаниясы өкілдігінің жетекшісі Павел Шишкин мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Аэрофлот» «Трансаэроға» берілген квотадан үмітті. Қазір әуе компаниясы Қазақстанның азаматтық авиация комитетінен ұшу бағыттарын бекітуді күтіп отыр. Астана мен Алматы әуежайлары да «Аэрофлот» ұшақтарына қызмет көрсетуге дайындықтарын растау керек.

Естеріңізге сала кетсек, «Трансаэроны» қаржылық дағдарыс қысып, желтоқсанның 15-нен бастап біздің аспан кеңістігі арқылы ұшуын доғармақ. Ал «Аэрофлот» өкілі тасымалдаушыны алмастыру үшін желтоқсанға дейін күтудің қажеті жоқ деген ойда.

Бүгінде қарызға белшеден батқан «Трансаэро» алдын ала билет алып қойған жолаушыларды ғана тасымалдап жүр. Сондықтан ұшақтары жартылай бос.

«Трансаэро» бағыттарын қысқартуға мәжбүр. Екеудің орнына күніне біреу, сәйкесінше екі күнде бір рейс жасалады. Бұл жақсы емес. Сондықтан біз тезірек ұшқымыз келеді. Билет бағасы да осыған байланысты. Өйткені қазір сұраныс артты. Орын аз болғандықтан, халық ұшып кете алмай отыр. Қымбат билеттерді алуға мәжбүр. «Аэрофлот» қазақ нарығына келсе де, Алматы мен Мәскеу бағыттары бойынша тарифтер өзгеріссіз қалады», - деді «Аэрофлот» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Павел Шишкин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/ekonomika-zhane-biznes/926337-astana-men-almaty-arasyna-aeroflot/