RU

Қазақстанға "Pfizer" коронавирусқа қарсы вакцинасы қашан келуі мүмкін

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Pfizer мен BioNTech вакцинасы Қазақстанға 2021 жылдың екінші жартыжылдығына кейін келеді деп күтілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Жаңа жыл қарсаңында біз "Pfizer" компаниясымен тағы бір мәрте келіссөз жүргіздік. Біз осы вакциналарды жеткізу мүмкіндігі, шығындар туралы мәселелерді талқыладық. Сонымен қатар, құпиялылық туралы, яғни біз жариялай алмайтын ақпарат туралы келісімге қол қойдық. Бұл келісім ішкі параметрлерге қатысты. Жалпы алғанда, бұл вакцинаны Қазақстанға екінші жартыжылдыққа дейін жеткізу туралы ұсыныс айтылды", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сондай-ақ, ол әріптестеріне осы вакцинаны ҚР аумағында тіркеу және рәсімдеу үшін құжаттарды енгізуді ұсынғандарын айтты.

"Бұл вакцинаны алуымыз үшін жұмысты тездетуді сұрадық. Алайда әзірге бізге 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан ерте жеткізілмейтіні мәлімделді", - дейді ол.

Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаны не себепті әлі қабылдамай жүргені туралы айтты.

"Мен әзірге ресейлік вакцинаны да, қазақстандық вакцинаны да қабылдаған жоқпын. Біз қазір соңғы қорытындыны күтіп отырмыз. Вакцина Қазақстанда тіркеліп, көптеп шығарылғаннан кейін мен де алдыңғы қатардағылардың бірі болып вакцина қабылдаймын.

Ешқандай бұрмалау болмас үшін министрліктегі әріптестерім де вакцина алады, оның бір бөлігі ресейлік вакцинаны, енді бір бөлігі қазақстандық вакцинаны қабылдайды. Бұл екі елдің вакцинасы да қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсету үшін керек. Алдымен осы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін қорытындыны күтіп отырмыз, одан кейін қабылдай беруге дайынбыз. Бұған қатысты ешқандай мәселе жоқ",- деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/fakty-i-layfhaki/1892117-kazakstanda-pfizer-koronaviruska-karsy-vakcinasy-kasan-kelui-mmkin/